2015 жылғы 27 ақпан, Астана қаласы
Электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту
қағидаларын бекіту туралы
«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 70-5) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс – шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық Қағидалардың 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін 9, 3 және 12 тармақтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі В.ШКОЛЬНИК.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің
2015 жылғы 27 ақпандағы №147 бұйрығымен бекітілген
Электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру
бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту Ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және жүктемені көтеруге белгіленген тәртіпте аттестацияланған генерациялық қондырғының электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша жүйелік операторға энергия өндіруші кәсіпорындармен көрсетілетін электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының дайындығын ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) электр энергиясына арналған шекті тариф – энергия өндіруші ұйымдардың жаңа активтерді құруға, қолда бар активтерді жаңартуға, қолдауға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға арналған инвестицияларын қаржыландыру көзі ретінде инвестициялық құрауышын ескермейтін, энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясына арналған босату тарифінің (бағасының) бекітілген ең жоғары шамасы;
2) электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке арналған шекті тариф – электр қуатының нарығына қатысатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр қуатының (тендерлік негізде жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың электр қуатын қоспағанда) әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке арналған энергия өндіруші ұйымдар топтары бойынша бекітілген, өтемділіктің жеті жылға тең нормативтік мерзімі шегінде қолда бар өндірістік активтерді жаңартуға, қолдауға, реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға салынған инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ететін тарифтің (бағаның) ең жоғары шамасы;
3) уәкілетті орган – электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекетті орган.
Осы Қағидаларда пайдаланылған басқа ұғымдар мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады.
2. Электр энергиясына шекті тарифті бекіту
3. Электр энергиясына шекті тариф жеті жыл мерзімге бөлінетін мерзімде электр энергиясын іске асыратын энергия өндіруші ұйымдармен топтары бойынша бекітіледі және жыл сайын түзетіледі.
4. Уәкілетті орган энергия өндіруші ұйымдардың топтарын бекітеді.
5. Энергия өндіруші ұйымдардың тобы келесі критерийлер бойынша қалыптастырылады: энергия өндіруші ұйымдардың типтері, белгіленген қуаты, пайдаланылатын отын түрі, отынның орналасқан жерінен қашықтығы.
«Энергия өндіруші ұйымдардың типі» критерийі бойынша энергия өндіруші ұйымдар электр станцияларының мынадай типтеріне бөлінеді:
1) конденсаттық – тек қана электр энергиясын өндіретін электр станциясы;
2) жылу электр орталығы – электр энергиясын өндірумен қатар, жылумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйелеріндегі жылу энергиясы көзі болып табылатын электр станциясы;
3) газ турбиналық - газ тектес отын түрін энергия көзі ретінде пайдаланатын электр станциясы;
4) су электр станциясы – су ағымы энергиясын энергия көзі ретінде пайдаланатын электр станциясы;
Энергия өндіруші ұйымдар «белгіленген қуат» критерийі бойынша 100 МВт-қа дейін, 100 Мвт-тан 300 МВт-қа дейін, 300 МВт және одан жоғары болып бөлінеді.
Энергия өндіруші ұйымдар «пайдаланылатын отын түрі» критерийі бойынша көмірмен, жергілікті газбен, импортталған газбен, мазутпен жұмыс істейтіндер болып бөлінеді.
Энергия өндіруші ұйымдар «отынның орналасқан жерінен қашықтығы» критерийі бойынша 500 км-ге дейін, 500 км-ден 1000 км-ге дейін, 1000 км-ден одан жоғары болып бөлінеді.
6. Егер энергия өндіруші ұйымның құрамына бір-бірінен ерекшеленетін бірнеше электр станциясы кіретін болса, онда аталған энергия өндіруші ұйым жеке топ болып қалыптасады.
7. Энергия өндіруші ұйым электр энергиясына босатылатын бағаны дербес, бірақ өзі енгізілген энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобының шекті тарифінен аспайтындай етіп белгілейді.
8. Электр энергиясына арналған шекті тарифтер енгізілген жылдың алдындағы бір жыл ішінде электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобында қалыптасқан іс жүзіндегі ең жоғары баға электр энергиясына арналған шекті тарифті оның қолданылуының бірінші жылына арнап айқындау үшін база болып табылады.
3. Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша
көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту тәртібі
9. Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілген қызметке арналған шекті тарифті электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша қызметтер көрсететін энергия өндіруші ұйымдардың топтары бойынша жылдарға бөліне отырып, жеті жылға тең мерзімде бекітіледі және саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, жыл сайын түзетіледі.
10. Уәкілетті орган электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша қызметті көрсететін энергия өндіруші ұйымдардың топтарын бекітеді.
11. Энергия өндіруші ұйым электр қуатын ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке бағаны дербес, бірақ өзі енгізілген электр қуатының әзірлігін ұстап тұруы бойынша қызмет көрсететін энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобының шекті тарифінен аспайтындай етіп белгілейді.
12. Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке арналған шекті тарифтер енгізілген жылдың алдындағы 1 жыл ішінде электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобында қалыптасқан, өтемділіктің 7 жылға тең нормативтік мерзімі шегінде қолда бар өндірістік активтерді жаңартуға, ұстап тұруға реконструкциялауға және техникалық қайта жарақтандыруға салынған инвестициялардың қайтарымдылығын қамтамасыз ететін энергия өндіруші ұйымдардың қаражаты электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке арналған шекті тарифті оның қолданылуының бірінші жылына арнап айқындау үшін база (бұдан әрі - База) болып табылады.
13) Электр қуатының дайындығын ұстап тұру бойынша қызмет көрсететін энергия өндіруші ұйымдар үшін электр қуатының дайындығын ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тариф мына формула бойынша есептеледі:
Pбар болған орт жыл.i – қолда бар орташа жылдық қуатының i- сол энергия өндіруші ұйым топтарының мегаваттқа (МВт);
Pжыл ең жоғ жеке тұтi – жеке тұтынудың ең жоғары қуатының сомасына i- сол энергия өндіруші ұйым топтарының мегаваттқа (МВт);
n – энергия өндіруші кәсіпорындар топтарының саны;
Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифтің бірінші қолданылу жылы электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тиісті тобының жеке тұтынудың ең жоғары қуатының сомасы және генерацияның қолда бар орташа жылдық қуатының іс жүзіндегі мәнінің сомасы 2014 жыл үшін алынады.
Электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтің шекті тарифінің өлшемі млн. теңге/(МВт*айына) болып табылады.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 3 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10627 болып енгізілді.